Алматы қаласының №4 Қалалық емханасында маусымдық тұмауға қарсы егу жұмысы басталды. Маусымдық тұмауға қарсы екпе №114 бөлмеде сағат 10.00 бастап 17.00 дейін демалыссыз жасалады.
«Біз тұрғындарға телефон арқылы хабарласып емханаға шақырамыз, және аймақтық мейірбикелер екпені үйде де жасайды. Пациенттерді аймақтық дәрігерлер қарайды. Қарсы көрсетілім болмаса егу бөлмесіне жібереміз. Екпеден кейінгі реакция болмауы үшін медицина қызметкерлері егуден кейін 30 минут бойы бақылайды. Келесі екі күн бойы қадағалап отырамыз. Тұмаумен кез-келген адам ауыруы мүмкін. Бронхит, пневмония және басқалары - тұмаудан кейін болатын қауіпті асқынулар. Екпе - ең тиімді қорғану әдісі», - дейді эпидемиолог дәрігер Лаура Даулетқызы Сахи.
Тұмауға қарсы вакцинация қауіп тобындағы адамдарға тегін жүргізіледі, олар: мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар; жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрі), жабық түрдегі мекемеде (балалар үйі, мектеп интернат) тұратын тұлғалар, созылмалы аурулары бар ересектер мен балалар, 60 жастан асқан кәрі адамдар.
Вакцинация 15 қарашаға дейін жүргізіледі.